Description

- Қалампыр гүл – дала гүліне жатады. Қазақ халқының ең жақсы, ең жетік танитын гүлдерінің бірі. Қалампыр гүлінің 300-ден артық түрі бар. Гүлді шөптесін өсімдік түріне жатады. Қалампырды жекелеп те, топтап та егіп, көгалдандыруға пайдаланады. Бау-бақтарда кереметтей гүл шоғырларын жасауға болады. Гүлзарларға егуге, қалампыр гүлінің 70-тен аса түрі қолданылады. Осыған қарай бұл гүлді кейде «бақша гүлі» деп те атаған. Табиғаттық гүл атаулының барлығы да негізінен дала гүліне жатады. Ал «бақша гүлі» деген атау кейін шыққан. Қалампыр гүлінің биіктігі түріне қарай 10-60 см болады. Гүлдеу мерзімдері де сол түріне қарай әр түрлі болады. Дала гүліне жататын қалампырға қарағанда гүлзарларда өсетін қалампыр ерте гүл жарады. Әрі гүлі басында ұзақ тұрады. Қалампыр хош иісті гүлдер қатарына жатады. Бұл гүлдің осындай хош иістерінен иісті сабын, иіс сулар жасайды. Қазақ емшілері екпе қалампырды жақсы зерттеген. Қыры мен сырына қанық. Жазда және күз айларында гүл ашуда не бұрын орып, жинап алады. Одан соң ұсақтап турап, көлеңке, құрғақ жерде кептіреді. Қалампырдан жасалған дәрілер кермек дәмді келеді. Мұндай дәрі ыстықты басады. Несепті молайтады, етеккірді келтіреді, уытты қайтарады. Қазақтың әдеби тіл өнерінде қалампыр туралы: «қалампырдың гүліндей, тотықұстың жүніндей», «қалампырдай жұпар иісі аңқыған, қалампырдай кербез бойын балқытқан, көңіл-күйді гүлдей етіп шалқытқан», «қалампыр өскен өңірде құт тұрады», «жанға азық, дертке шипа қалампыр», «ауаң жұпар қалампырдай аңқыған», «қалампыр салған шай тәтті» деген теңеу сөздің барлығы қалампырдың қасиетін, өзіне тән дара, әсем де хош иісті өсімдік екенін таныған үстіне таныта түседі.












